Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.06.2019
Ақмарал БАЯЗИТОВА,
«Орталық Қазақстан»
«Қыз өссе, елдің көркі деген сөз­ді, қапысыз қалай айтқан қай­ран бабам?!» Қазақ қызына үкілі бөрік, бүрмелі көйлек, оюлы кам­зол кигізіп, шашына шолпы, кү­містен жасалған әшекейлер тақ­қызып, жүзін жасырмай өсірген, қар­лығаштарын данышпан ба­ба­л­ары­мыз елдің көркіне, баға жет­пес байлығына балаған. Еш­қашан жүзін  тұмшаламаған. Бұл – тарихи айғақ. Тек тазалық үшін келіндерінің басына бай­лам тартқызып, әжейлеріміз ки­ме­шек киген. Демек, қазақ қыз-ке­лін­шектері ешқашан ашық-ша­шық киім кимеген, күнделікті тірші­лікке ыңғайлы, өзіне жара­сымды, ұлттық нақыштағы киім  киген. Ал тарих парақтарын қанша ақтарсаңыз да, қазақ қызы «хиджаб» киді деген де­рек таппайсыз. Жалпы, ислам діні қабылданғаннан бергі қазақтың та­рихында, деректемелерінде, тарихи әде­биеттерінде, өнер туындыларында, эпос­тық жырларында, я болмаса, археоло­гиялық қазбаларда «хиджаб» киген қыз бейнесін ешқашан кездестірмейсіз.
Тарихтың сарғайған парақтары тағы да сыр шертеді. Қазақ тарихында ислам діні үш мәрте, атап айтқанда, Қарахан мемлекеті, Моңғолстан мемлекеті, Ал­тын Орда тұсында мемлекеттік дін мәр­тебесіне ие болған. Яғни, ислам діні мемлекеттік дәрежеге жетіп, өзге діндерден бір саты жоғары тұрды деген сөз. Десек те, ислам діні осындай «күш­ке» ие болған кездің өзінде қазақтың қыз-келіншектері «хиджаб» киген жоқ. Демек, оларға міндеттелмеді.
Уақыт озды. Заман өзгерді. Әйелдер киімдері де жаңа сипатқа ие болды. Әлем халықтары стандартты киімдер киюге көшті. Өзекті мәселенің бір шеті қылтияды осы арада. Осы уақытқа дейін елімізде өзімізге арнап киімдер тігетін бірде бір отандық өндіріс орны жоқ екен. Соның «арқасында» сырт елдерден та­сымалданатын киімдерді тұтынуға мәжбүр болдық. Әркім өз талғамына сай киім киді. Сөйтіп, қазақтың бүрмелі көй­легі, оюлы камзолы, құндыз бөр­кі, әжейдің кимешегі, келіншектің ора­малы сандықта қалып, қазіргі кезде ме­рекелерде ғана киетін киімдерге айналып шыға келді. Бәлкім, заманға сай жаңартып, жаңалап отырғанымызда бүгін бұған бас қатырмас па едік, кім білген... Қош... Осы олқылықтың орнын толтыра алмай, жайбарақат жүргенімізде арабтың дәстүрлі киімі «хиджаб» та шекарамыздан бері өте шықты. 
Жалпы, кеншілер аймағында да бүр­кеніп жүретін қыздар қатары аз емес екен. Етегі ұзын көйлек киіп, бет-жүзін тұмшалаған қарағандылық қар­лығаштардың саны 300-ден асып жығы­лады. Бұл – облыс көле­мін­дегі көрсеткіш. Дін істері жөніндегі де­партаменттің бастығы Серік Тілекбаевтың айтуынша, Қарағанды облысы бойынша оранып ал­ған қыздармен кездесіп, түсіндіру жұ­мыстарын жүргізу енді қолға алынып ке­леді. «Зор нәтижеден үміттіміз» дейді олар.
«Әр қазақ – менің жалғызым» деп егілген қазақтың Абайы. Текке емес екен. Қазақ қыздарын «хиджабтан» құтқару үшін еліміздің «Білім беру туралы» за­ңында арнайы бап қабылданғаны да белгілі. Аталған мәселеге қатысты Ел­басы Н.Назарбаев та өз пікірін біл­дірген: «Мен студент және оқушы қыз­дарымыздың «хиджаб» немесе «пә­ренже» киюіне түбегейлі қарсы болғанмын. Біздің әйелдер ешқашан оны кимеген, жүздерін жасырмаған. Әри­не, біз мұсылман дінінің барлық өкіліне құрметпен қараймыз, бірақ біз­дің өз жолымыз, өз ұлттық салт-дәстүрлеріміз бар. Біздің сан ғасырлық тарихымызда мұндай дәстүр болған емес. Қазір осы бір үрдіс бізге жабысып алды. Шынайы дінді жалған діннен айы­ра білу қажет».
Ендігі кезекте, қоғамдық тартыс ту­дырған «хиджабтың» түп-төркінін тал­дап көрейік. «Хиджаб» – араб сөзі. Жа­мылғы, орамал, бас киім деген ма­ғынаны білдіреді. «Хиджаб» – бас киім, «жилбаб» – ұзын етекті кең көйлек, «чадра» – желбегей жамылғы деген ұғым­дарды білдіреді. Ал никаб – бетті тұм­шалағыш. Бұлардың бәрі де араб, парсының дәстүрлі киімдері. Сол ел­дердің климаттық жағдайына сай тігілген киімдер. Қазақтың дәстүрлі киі­міне бұлардың ешқандай да қатысы жоқ. Сондықтан да, араб халқының бел­гісі болып табылатын «хиджабтың» астарында басқа да саяси астар жат­қаны бесенеден белгілі. Қазақтың ұлт­тық ерекшелігіне, салт-санасы мен дәс­түріне шабуыл жасалмасын десек, қазақ қыздары Батыстан, Шығыстан ес­кен субмәдениеттің дауылынан бойын аулақ ұстағаны абзал. «Хиджаб» да­уына дер кезінде нүкте қоймасақ, әсіре еліктеушілік қазақтың ата-бабадан қалған құндылықтарын жоюға алып келуі ғажап емес. Діни фанатизмнен Ұлттық мүддені жоғары қою қажет. Қазақтың қыздары осыны терең түйсініп, жадынан бір сәтке де шығармауы керек.
Әлемде бар ақпарат
Хиджаб, никаб, пәренже кию әлемдік сипат алғанымен, Францияда пәренже, никаб киюге заңмен тыйым салынды. Мұсылман елдері – Түркия, Әзербайжан, Тәжікстан сынды мемлекеттер хиджабпен мемлекеттік оқу орындарына кіруге тосқауыл қойды. 
Шариғат шарттары
 Хиджабтан өзге, әйелдің тәнін толық жауып тұратын киіммен намазға жығылуға тыйым салынбайды дінде. Мұсылман әйел болу үшін тұмшаланып, хиджаб кию шариғат бойынша шарт емес.
Ақтөбе облысында хиджаб киген бойжеткендер саны 3,7 мыңнан 700-ге күрт азайып кеткен. Осыған дейін аймақта шиеленісіп кеткен жайттың бірі – дін мәселесі болғандықтан, оранып жүретін қыздарға ұзақ уақыттан бері түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізілген. Нәтиже бар. Қазір олардың қатары сиреген. Бүгінде жастар арасында ресейлік белгілі дінтанушылар, «Аңсар» кеңес беру орталығы түсіндіру жұмыстарына білек сыбана кіріскен.
 Пікірлер: 0
 Оқылған: 1798
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1287
count 88x31px