Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 21.01.2018

«Үмбет» өнері ел үшін
Той – табиғаты тойшыл қазақ өмірінің ажырамас бөлігі. Жылт еткен қызық-қуанышына дастарқан жайып, ағайын-туысты шақыру – тамаша салтымыздың көрінісі. Алайда, «біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді» деген. Бірде әлеуметтік желіден үйлену тойын өзгелерден ерекшелендірмек болған той иелерінің тойдың үстіне көлікпен кіріп, тойбастар таратқанын көріп қалдым. Басына баспана таба алмай жүрген қазақтың әсіре дақпырт үшін жиған-тергенін шашқанына ішім ашыды. Алайда, осы мақалада айтпағымыз – бұл емес...
Аяулым СОВЕТ,
«Орталық Қазақстан»
Қазір той-томалақта ән айтуды кәсіпке айналдырған жас әншілердің өнеріне (қылығы десек те болады) көпшіліктің көңілі, толмай жатады. Расы керек, арасында шын өнерлі жастар бар. Десек те, әншінің атын жамылып, көз бояушылық жасап жүргендері де баршылық. Тойдың «хиттарын» таспаға жазып алып, аузын жыбырлатып тұрғандары. Ал, біздің бүгінгі кейіпкеріміз – «Үмбет» триосы шынайы өнерімен халық көңілінен шығып жүрген өнер ұжымы.
Трио 2013 жылғы ақпанда құрылған. Топ құрамында өнерлі  жерлестеріміз – Бауыржан Жұма­жанов, Медет Қалиев және Арайлым  Құдайбергенова өнер көрсетеді. Құрылғанына көп  уақыт өтпесе де, бірнеше конкурстарда жеңімпаз атанып, қазақ тойының төрінен көрініп жүрген топ. Бүгін осы өнерпаздармен емен-жарқын әңгімелесудің сәті түсті...
– Топтың атауын неліктен «Үмбет» деп қойдыңыздар?
– Бала кезімізде ауылдағы ақсақалдар «кімнің баласысың, кімнің үмбетісің?» деп сұрайтын. Ер бала дүниеге келсе, аталарымыз ерекше қуанып, «Мұхаммедтің (с.ғ.с.) үмбеті көбейді!» деуші еді. Біз де сол негізге сүйеніп, музыка әлеміндегі үмбеттердің бірі болайық, халықтың баласы болайық деген ниетпен осы атауды таңдап алдық.
– Исламда «үмбет» сөзінің мағынасы – анағұрлым кең және діни ұғымға етене жақын. Демек, сіздер діни мазмұнда әндер жазуға баса көңіл бөлесіздер ғой...
– Ән жазу бір күннің жұмысы емес. Жазылып, авторлық қол қойылған соң, тыңдарманның талғамынан шығатын дүние болуы тиіс. Қазіргідей, «Мария Магдалена, чип-чип-ке»  ұқсаған ән бізге жат. Халық әннің сөзін тез жаттап алғанымен, олардың ғұмыры ұзаққа бармайды.  Арқа – ежелден үлкен ән мектебі. Орталықтың атынан шығып жүрген соң, елдің абыройын түсіруге құқымыз жоқ. Сол себепті, барлық  шараларда айтылатын әндерімізді жанды дауыста орындаймыз. Көбіне, ретро әндерді. Шәмшінің, Мұқағалидың сөзіне жазылған әндер көбірек орындалады. Тойдағы халықтың сұранысына ерекше көңіл бөлінеді. 
– «Қанат қақса, қатаяды, талант тасада қалмайды» дейді. Талант текпен берілетіні белгілі. Жанды дауыста ән орындап жүргендіктеріңіз – тума таланттан кенде еместіктеріңіздің дәлелі. Ал, қанат қатайту мақсатында қандай шаруалар атқарылуда?
– Топ мүшелері – жастайынан байқауларда ән шырқап, домбыра тартып, топ жарған жандар. Ұжым ретінде қазіргі таңда клип түсіруді жос­парлап отырмыз. Өзіміздің авторлық әндерімізді немесе ретро әндердің біріне түсіріледі. Алдағы уақытта, Алла бұйыртса, бізді  «Саз әлемі» жобасының кезекті маусымынан көре аласыздар. Бұл жоба бойынша танымал әнші Ұлықпан Жолдасовтың жетекшілігімен жұмыстар жасалуда.
– Қазіргі шоу-бизнесте продюсердің алар орны ерек. Онсыз кез келген ұжымның ісі өрге басуы қиын...
– Нақты «осы» дейтін продюсер жоқ. Себебі, біз музыкамен әзірге кәсіби түрде айналысып жүрген жоқпыз. Мысалы, мен – Бауыржан жеке кәсіпкерлікпен айналысам. Медет – қаламыздағы №2 өнер мектебінің вокал бөлімінде ұстаз. Арайлым –  Шет аудандық мәдениет бөлімінің қызметкері. Сондықтан, кейде кейбір жерлерде жеке-жеке өнер көрсете береміз. Ал, кәсіби трио болсақ, бұған продюсер тарапынан шектеу қойылар еді. Ал, өнерде А.Қоразбаев, Ұ.Жолдасов, Т.Серік, М.Бесбаев секілді ағалармен үнемі байланыстамыз. Қарағандыда кештері өтсе, трио ретінде ән орындауға шақырады.
– Қазақ бар малын тойда шашуға бар. Жанды дауыста шырқасаңыздар, гонорар жағынан да ренжітпейтін шығар?
– «Шақырған жерден қалма, шақыр­маған жерге барма». Қара­ғанды аймағын аралап қана қоймай, республика көлемінде де сапарларда жиі жүреміз. Әсіресе, Арқаның тойы өзіндік салтымен, ерекше жөн-жорал­ғысымен өтеді. Кейбір той­ларға ұлттық нақыштағы арнайы киімдер де тіктіреміз. Қызмет бағасына келер болсақ, тапсырыс берушілердің жағдайына қараймыз. Түсіністікпен қарауға тырысамыз. Базбіреулер сияқты кеуде керіп, құнымызды арттыру – біз үшін жат мінез. Біздің әнімізге берілген басты баға – халық ықыласы.
– Әңгімелеріңізге рахмет. Өнер сахнасында толағай табыс тілейміз.

 

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 687
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1206
count 88x31px