Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 15.11.2018
Суицид  сансыратып  тұр...

Сөз басы
Керекуде 15 жасар қыз бен 18 жастағы бозбала өздеріне қол жұмсап, ауруханаға түс­ті... Теміртауда екі жас бе­сінші қабаттан секіріп, көз жұм­ды... Қарағандыда өрімдей бой­жеткен асылып өлді... Ал­матыда қос ғашық 14 қабаттан құлап, жантәсілім етті... Бұл – жыл басынан бері орын алған оқиғалар. Әрқайсының өзіндік себебі бар. Анық-қанығын анық­­тау полицайлардың ен­ші­сінде. Бізді алаңдататыны – кейінгі жыл­дары осындай қайғылы жағ­дайлардың жиілеп кетуі.  

Қаралы статистика
ДДҰ таратқан мәліметтеріне сүйенсек, жылына миллионнан астам адам өзін-өзі өлтіреді екен. «Бұл қайғылы құбылыс 2020 жылдарға қарай бір жа­рым есеге артады» дейді ма­мандар. Яғни, өзіне-өзі қол жұмсаған адамдардың са­ны соғыс құрбандарынан әлде­қайда асып түспек. 
Суицид деректері бо­йынша Қазақстан алғашқы үш­тікті тұйықтап тұр. Қаралы ста­тис­тика.
ДДҰ өзін-өзі өлтіру көр­сет­кіші бойынша әлем ел­дерін жоғары, орта, төмен деп үш топқа бөледі. 100 мың адамға шаққанда өлім көрсеткіші жылына 20 адам­нан асса, жоғары, 10-20 адам аралығында болса, орта, 10 адамнан аспаса, төмен бо­лып есептеледі. Ұйымның де­ректеріне сенсек, 100 мың адам­ға шаққанда әлемдегі ең көп суицидтік жағдай Латвияда тіркеліп отыр – 96-99 адам. Одан кейінгі Венгрияда – 88 адам. Ал Қазақстанда – 53 адам. Әрі қарай Жапония – 47,1 адам, Эстония – 50 адам, Ресейде – 49,4 адам. Тө­менгі көрсеткішті елдер қа­тарына Грекия, Италия, Ар­мения, Гватемала, Филиппин, Албания, Доминикан респуб­ликасы кіреді екен. Мұндағы көр­сеткіш 100 мың адамға 1-4-тің аралығында келеді. Ал, араб мемлекеттерінде бұл көр­сеткіш жоққа тән. 
Өткен ғасырда өмір сүр­ген батыс ғалымы Г.Шорт 1950 жылға дейінгі әлемдік суи­цидтің тарихын зерттеп, бұл дерт, негізінен, эко­номикалық тоқырау кезінде күш алатынын дәлелдепті. «Қа­зақстандағы суицид қарқын ал­ған эпидемиялық кезең – 1995-1998 жылдар аралығы» дейді сарапшылар. Өздеріңіз білесіздер, бұл жылдары еліміз үлкен дағдарыс кезеңін бастан өткерген еді. 

Суицидтің себебі
Өмір – Алланың тапсырған аманаты. Адамға сыйлаған өмірін тек Жаратқан Ие ғана қайтарып ала алады. Исламда өзін-өзі өлтіру – ауыр күнә. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадистерінің бірінде: «Кімде-кім өзін-өзі қандай да бір темірмен өлтірсе, жаһаннамда қолына темір алып, мәңгі-бақи өзін-өзі түйреумен болады. Ал, кімде-кім у ішіп өлсе, жаһаннам отында мәңгілік у ішумен болады. Ал, кім өзін тау­дан тастап өлтірсе, жаһаннамда өзін мәңгі отқа лақтырып тұрады» деп ес­кертеді.
Христиан танымында да өзін-өзі өлтіру – қылмыс саналады. Ежелгі Еуро­пада олардың денесін жерге тапсырмай, өртеп жіберген. Діни көзқарастары бо­йынша қылмыскерлер  санатына жат­қызылған мұндай адамдарға ешбір діни жоралғы жасалмаған. 
Суицидтің көп тіркелу себебі, бірін­шіден, қоғамның бір формациядан екінші бір формацияға өтуіне байланысты бол­са, екіншіден, қатаң нарық пен БАҚ-тардағы адамды рухани аздыруға әкеп соқтыратын дүниелер де айтарлықтай әсер етеді. Психиатрлардың болжамы бойынша, жүйке ауруына шалдыққандар саны кейінгі кезде жүрек-қан тамырлары ауруын қуып жетіп қалыпты. 
Зерттеулерге көз жүгіртсек, суицидке итермелейтін негізгі себептер – тұрмыс тауқыметі, психологиялық әлсіздік және нашақорлық екен. Жұмыстан айырылу, оқудан шығып қалу, жақынын жоғалту және жауапсыз махаббат сияқты сәт­сіздіктер алдыңғы ролдерді ойнайды. Мұн­дайда өмірде түк тәжірибесі жоқ жас­тар суицидке бейім келеді. Көздеген мақсатына жете алмай, қиындыққа төзе алмаған бозбала немесе бойжеткен суи­цидке жақын тұрады. Сол себепті, жас­тар арасындағы суицидке баса назар аударылуы тиіс. Себебі, суицид барған сайын «жасарып» барады.
Отандық ғалымдардың зерттеу жұ­мыстары көрсеткендей, суицид дертінің құрбаны болғандардың тек төрт-бес па­йызы ғана есепте тұрған. Демек, ара­мызда бүгін ғана ойнап-күліп жүрген адамның ойда жоқта келмес сапарға аттанып кетуі ғажап емес. 

Жақыныңа жақын бол
Ғаламтордың да кеселі шаш-етектен. Отбасылық және қоғамдық тәрбиенiң жоқтығы, зорлық-зомбылыққа толы ком­пьютерлік ойындар, атыс-шабыс, қан­төгіске толы фильмдердің тікелей әсері жетерлік. Әке-шешесі ақша та­бам деп сыртта жүргенде, ертелі-кеш ком­пьютердің алдында байланған баланың бойында тәуелділік, виртуалды әлемге ынтазарлық күшейеді екен. Алайда, ол шынайы өмірмен бетпе-бет келгенде тауы шағылып, өз-өзін өлтіруге бел буа­ды. Бұдан шығар қорытынды: қо­ғамда балалар қараусыз қалып, көңіл бө­лінбейтін болса, суицид те көбейе түседі.  
Сондықтан, әрқайсымыз жақыны­мыз­ға жақын болып, оның бойындағы әр­бір өзгеріске мән беруді естен шы­ғар­майық. 
 Пікірлер: 0
 Оқылған: 2211
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1261
count 88x31px