Тіркелу

Ауа-райы

Валют бағамы

Еңгізілген: 17.06.2019

Жастар

мәселесі –

маңызды


Бүгiнгi таңда, елiмiздегi жұмыс­сыздардың 71 пайызын ауыл жас­тары құраса, сол жастардың 76 пайызының жоғары бiлiмi жоқ, тек мектептiк орта бiлiмi бар екен. Ал, жоғары оқу орындарына қа­былданған студенттер ішінде ауыл жастарының үлесі жыл сайын азаюда. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де, бұл – ресми дерек.

Содан болар, мемлекеттік жас­тар саясатының 2020 жылға дейінгі Тұжырымдамасында ау­ыл жастарына көбірек көңіл бөлі­ніп отыр.

Сондықтан, ауыл жастарының мәселелері ой-мүддесі, арман-тілегі ескеріліп, солардың арасын­да талқылануы қажет.


Үгіт-насихат

үзілмеуі

тиіс


Жуырда, жастар ісі жөніндегі облыстық кеңестің алғашқы отырысында ай­мақ басшысы Ә.Құсайынов жас­тарға арналған бағдарламалар жа­йында үгіт-насихатты күшейту қажет екенін ерекше атап айтты.

«Жастарды еңбекпен, баспа­намен қамту бойынша елімізде жү­зеге асырылып жатқан бағдарла­малар туралы кең ауқымды на­сихат жұмыстары жүргізілуі ке­рек. Ауыл-аймақтағы қарапайым жас­тар қалай жұмысқа орналасуы керек, қалайша баспаналы бола алатыны жайында барлығын біліп отыруы керек. Үкімет тарапынан жастар үшін жасалып жатқан тиімді бағдарламалар бар. Сол туралы біз аймақтағы әрбір жасқа жеткізе білуіміз керек. Насихатты күшейту қажет», – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, ауыл-аймақтарға шы­ғып, жастармен кездесулер ұй­ым­дастыру керек екенін тілге тиек етті.

Расында да, ауыл жастары мәдениет үйіне, интернет-клубқа, ойын-сауықтыру нысандарына зә­ру екені күмәнсіз. Дегенмен де, ауыл жастарының аталған проб­лемалары осындай форумдарда «оңтайлы» шешіліп жатыр ма?!.



Өркен

өсіп

келеді


«Жел басылды. Жадырап жаз­дың күні шықты. Ұйпаланған қау­дан шөптің орнына желкілдеген жас өркен өсті. Көкпеңбек, жұп-жұмсақ, тап-таза, пәк, кіршіксіз жас өркен! Қалай сары дала енді кө­гермес екен? Өзгерістің өртінен кейін? Қалай қазақ оянбас екен? Қазақ қалайша енді өзгермес екен? Өзгереді!.. Өзгереді де! Өзгергеннің белгісі міне, біз – қызғалдақтай бұ­лаңдап, жаңа өскен жастар! Жаңа жастар! Елдің бел баласы, еліне деп еңбек еткен ер жастар! Өркен өсіп келеді, өзгерту үшін!..»

Алаш ардақтысы, ұлтымыздың жарық жұлдызы Смағұл Сәдуа­қасұлының жоғарыдағы сөзі жас­тардың бойына жігер берсін, көкі­регіне от салсын, ой тастасын де­ген ниетпен келтірдік. Жастар – өзгерістер мен реформалардың өзегі екенін ұмытпайық!


«Жебені» тартқан

Дулат АМАНЖОЛ.



Мұқағали

Сейітқазы

Ұлытау ауданының тумасы. Қарағанды қаласы әкімінің «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, бірнеше аудандық, облыстық ақындар мүшәйрасының жүлдегері, облыстық студенттер айтысының жеңімпазы. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің журналистика бөлімінің ІІ курс студенті.

Мұқағалиға арнау


Мені ешкім бір босбелбеу демесін,

Сенетінім, патша уақыт төрешім.

Мұқағали болғаннан соң есімім,

Білем менің жүгім жеңіл емесін.


Тарлан ақын, рухың бүгін тербесін,

Өлеңдерін білем мәңгі өлмесін.

Әкем маған атыңызды қойыпты –

Өзіңізді сондай жақсы көргесін.


Сіз дегенде шығарға бөлек жанымыз,

Пір тұтамыз отбасында бәріміз.

Біздің үйдің дүниесі ең қымбат,

Төрде тұрған том-том кітаптарыңыз.


Жырларыңыз жүйткіген жезкиік пе?

Жаңа ғасыр сізге басын иіп пе...

Ақталғаны әкемнің де сенімі,

Атыңызды ұстап жүрсем биікте!


Саған арналады...


Жастық жырымды кім ұқты,

Жаныма дауа іздеймін.

Күдікті қойшы, күдікті,

Үмітті сенен үзбеймін.


Өкпеге қимай өңіңді,

Барлығын бірден ұғынғам.

Көңілді қойшы, көңілді,

Ауа-райындай құбылған.


Сездірмей мына ызғарды,

Ерітші жүрек бар мұзын.

Қыздарды қойшы, қыздарды,

Өзіңсің менің жалғызым.


Тағдырға кімдер қас қыпты,

Дегенін дәйім асырар.

Жастықты қойшы, жастықты,

Жауындай ертең басылар.


Жүрегім менің жаралы,

Сезімнен басқа не күтті?..

Даланы қойшы, даланы,

Ерніне көктем келіпті.



«Жас қанаттың» жатыпатары

Шалғайдағы бір ауыл әкімінің анда-санда өлең жазатыны бар екен. Ел ара­сында қалжың, қағытпа әңгімелерімен жұрт аузында жүрген Қожанасырды «сөз таниды-ау» деп шақырып, жазғандарын оқып берсе керек. Қожекең «бетің бар, жүзің бар» демейтін турашыл жан ғой.

Өлеңдерің өлең емес, тақпақ қой, – деп бір-ақ ке­сіп айтыпты. Ызасы келген әкім тырнақ астынан кір іздеп, оны 15 күнге бас бостандығынан айырып, қамауға алғызыпты. Бірнеше күндер өткен соң әкім тағы да бостандықта жүрген Қожекеңді алдырып, жаңа жырларын оқиды. Әкім «өлеңдерін» оқып болмай жатып, Қожанасыр ор­нынан тұрып кете барыпты. Аң-таң болған әкім:

Қайда барасың? – десе, Қожекең:

Қайда болушы еді? Тағы да түрмеге, – деген екен.


Тілім бар екен деп...

Тілдің қалыптасуы адамның дамуы сияқты миллиондаған жылдарға созылған процесті бастан кешіріп, бүгінгі күнге жетті.

Ресми деректерге сүйенсек, қазір әлемде шамамен 6000-ға (кейбір деректерде 7048 тіл) жуық тіл бар. Олардың 70 пайызының жазба тілі жоқ, біржола жойылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Басқасын былай қойғанда, бізде «әлемдік тілдердің» көшін бастап тұрған ағылшын тілінің «мерейі асып», ресми тілдің «бағы жанып тұр». 10 миллионнан аса адам сөйлейтін тіл ірі саналып, мемлекеттік мәртебеге 116 тіл ие болса, қазақ тілі осы екеуінің де тізімінен орын алады.

Бір тілді еркін меңгеріп алған адамға екіншісін игеру қиынға соқ­пайды. Сол екеуін араластырмай, көр­кем, жатық сөйлеу – нағыз мәде­ниеттілік саналады. Ең өкініштісі, қап­таған «измдердің» тағы бірі – билингвизмнің (қос тілділік) әсіре­се, жастар арасында белең алуы. Қазақша мен орысшаны араластырып, қойыртпақтап сөйлеу құбылысын «прогресс» деп санау– қауіптердің қауіптісі. Еліктегіш жас сөйлесу кезінде орысшаны бірте бірте араластырып сөйлегенді мәртебе кө­реді. Уақыт өте, ол әдетке айналады. Екі тілді жетік меңгермей тұрып, орыс­шаны шала шарпы білетіндер, қа­зақша да тәуір сөйлеуден адыра қалып, ақыры дүбәра жағдайға тап болады. «Қостілдесіп» сөйлесу қазақ үшін күнделікті «қарым-қатынас құ­ралына» айналып кеткеніне дәл бүгінгі жағдайда ешкімнің «басы ауырып, бал­тыры сыздап жатқан жоқ». «Менің тілімде Абай тілінің және Мұхтар Әуе­зов тілінің, бүкіл қазақтың өткен халық әдебиетінің тілі бар» деген асқақ жазушы Мұхтар Мағауин елден жырақ кетті. Мына дерекке назар аударыңыз:

Асылында, қазақтың қарапайым сөздерінің өзі 300 мыңға жетіп жығылып жатқанда, орыстың төрт томдық ака­демиялық сөздігінде бар-жоғы 80 мың сөз ғана бар екен. А.Пушкин бір мил­лион сөзі бар өлеңдер жазғанда 21197 сөз пайдаланса, Герцен 18 мың сөз, У.Шекспир 15 мың сөз ғана пай­даланыпты. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген М.Әуезов 36 мың сөз пайдаланыпты. Сырттан қо­сылған 6 мыңнан астам сөзді алып тастағанның өзінде қазақша 29483 сөз тіл байлығымыздың басқа тіл­дерге қарағанда, әлдеқайда мол екен­дігін байқатпай ма?

Жастарға айтарым:

...Кейінгі кездері «жынды» сө­зін «жақсы, күшті» сөздерімен ауыс­тырып, айтып жүрміз. Алдымен, сөздің түп-төркініне назар аударайық. «Жын» - араб сөзі. «Жасырын, көмес болу, көзге көрінбеу» деген мағынаны білдіреді. Ал, «жынды» деген сөзі «ақылынан алжасқан, есуас, жарымес» дегенге саяды. Біз болсақ, күнделікті өмірімізде әлдебір жаңа киім не бұйым сатып алсақ, екінші бір адам көріп: «О о, жындысын алыпсың! Құтты болсын!» немесе «Мә ә, мынауың жынды ғой?!» деп таңғалып жатады. Кейде әлденеге ашулансақ, «жыныма тимеші», «жы­ным келіп тұр» деп айтамыз. Осы жөнінде Сабыр Алтынның («Жынға қол жайып, бата алушылар хақында», Астана қаласы) мына бір пікірі көкейге қонымды: «Жындар өте ұзақ ғұмыр кешедi. Екi жүз-үш жүз жыл және одан да көп жыл жасайтындар бар. Бұны жын шығарушы молда мен жынның арасында болатын диалогтардан оқы­саңыз болады. Ордашылардың өт­кен шақты тура айтуы сондықтан. Оның үстiне, әр адамның бойында өзi­не тән туғаннан бекiтiлген жыны бо­лады. Оны дiнде "бекiтiлген жын” дей­дi. Ол – адамның қан тамырымен жү­редi. Адамның бойындағы шайтани қы­лықтардың барлығы осы жынның әсерiнен. Бекiтiлген жынның болатынын өзiңiз күнде қолданатын, бiрақ мән бере бермейтiн сөзден-ақ байқай аласыз. Мәселен: "жыным келiп тұр”, "жыныма тимешi”, "жынымды қоздырма” дейтiн сөздердiң барлығы әркiмнiң өзiне тәуелдi жыны болатынынан хабар бередi...» Сөздің төркініне мән бермей, орынды-орынсыз жұмсай берудің орнына, осы жағын қаперімізде мықтап ұстау керек сияқтымыз.

Мөңке би: «Ақырзаман боларда ала шұбар тілің болады...» деп заманында көрегендікпен айтқаны дәл келді. Егер осылай жалғаса беретін болса, «тас жүректі қорғасындай балқытып, бал­қыған қорғасынды тастай ететін», «кір­лі көңілді тазартып, кірсіз көңілді кірлететін» (Ғ.Мұстафин) көркем тілі­мізден көз жазып қаламыз. Сөйлеген сөзімізді «адамның ой-өрісін, мәдени дә­режесін, ақыл-парасатын, рухани бай­лығын көрсететін айна» десек, сол айна­мыздың бетін әрқашан таза етіп ұстайық.


Гүлсаян ЫБЫРАЙ.

 Пікірлер: 0
 Оқылған: 1283
Барлық пікірлер: 0
Пікірді тек тіркелеген қоладанушылар қоса алады.
[ Тіркелу | Кіру ]

Күнтізбе

Сауалнама

Сіз газеттерді оқисыз ба?
Всего ответов: 1287
count 88x31px